Астанада ювеналды юстицияның қалыптасуында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттың рөлі талқыланады

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - 26-27 сәуір күндері Астана қалалық сотында «Қазақстанда ювеналды юстицияның қалыптасуында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттың рөлі» тақырыбында семинар өтеді,

деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен.

Шара барысында Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттардың енгізілуі, сот өндірісіндегі жасөспірімдер ісін қарайтын соттардың ерекшеліктері мен онымен байланысты проблемалар жөнінде кең ауқымды әңгіме қозғалады.

Семинарға Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьялары Дәулен Нұралин және Ғалия Аққуова, Парламенті Мәжілісінің депутаты  Светлана Бычкова, Астана қалалық сотының Кассациялық сот алқасының төрағасы Әділхан Ағманов, Алматы қаласының Жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жеңіс Кәрібаев, Астана қаласының Жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Гүлнар Әбдіғалиева, Фридрих Эберт қоры өкілдігінің басшысы Зәуреш Шутова, ЮНИСЕФ бағдарламасының білім және балаларды қорғау бойынша үйлестірушісі Татьяна Адерихина, Қазақстан  Республикасындағы  Еуропа Одағы делегациясының екінші хатшысы Дениса Салкова, Қазақстандағы Еуропа Одағы өкілдігінің басшысы Орелия Бушез, Балалар юстициясын дамыту жөніндегі ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшысы Керри Нил,  Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау жөніндегі Комитеттің төрағасы Раиса Шер, «Шанс» әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету орталығы жобасының жетекшісі Ольга Рыль қатыспақ.