Осыдан екі апта бұрын Астанада Орталық Азия елдерінің халықаралық би фестивалі басталды.
Шараның мақсаты - әлемдік жұлдыздардың шеберлік сабақтары арқылы алыс және жақын мемлекеттермен достастықты нығайту. Елордамызды Орта Азияның неоклассикалық және контемпорари өнерінің астанасы екендігін дәлелдеу.
Америкалық танымал хореограф Пол Гордон Эмерсонның бастауымен шеберлік сабақтарға қатысқан жас жұлдыздар «Falling Man» атты қойылымын ұсынды.
Заманауи балет бағытындағы бірегей спектакльдің әлемдік тұсаукесерін ұйымдастырушылар елордамыз Астананың 20 жылдығына арнады.
«Falling Man» қойылымында неоклассикалық және контемпорари, модерн, бродвей, джаз, хип-хоп, сонымен қатар заманауи хореография өзара үйлесім тапқан.
«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген мәдени шаралар жүзеге асырылуда, бүгінгі шара соның дәлелі, би өнері арқылы Орталық Азия жастарының басын қосып, тамаша қойылым қойды. Әлемге танымал өнер майталмандарының елордамызға келіп, өз тәжірибелерімен бөлісуі, жас таланттарды өнерге баулуы біз үшін істелініп жатқан жұмыстың нәтижесі», - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.
Айта кетейік, елімізде алғаш рет өткізілген фестивальға Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстан елінің талантты бишілері мен хореографтары жиналды. Екі апталық шеберлік сабақтарын АҚШ-тан келген Пилкингтон Кэтрин, Дэл Фина сынды әйгілі хореографтар жүргізді. Хореографияның алдыңғы қатарлы шеберлері қатысушыларға неоклассикалық балет, контемпорари, модерн, бродвей, джаз, хип-хоп, сонымен қатар хореографияның фото-видео түсірілімі мен арт-менеджмент тақырыптарына арнайы скилл-ап өткізді.