Астанада заңсыз құрылыс жарнамасына тосқауыл қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада үлестік құрылыс нысандарын заңсыз жарнамалаған ақпараттық алаңдарға шара қолданылды. Бұл туралы Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала прокурорының көмекшісі Азамат Қазбеков мәлімдеді.

Фото: Валерий Бугаев

Құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған мұндай тәжірибе алғаш рет енгізіліп отыр.

— Үлестік құрылыс саласындағы заңсыз жарнаманы анықтап, жолын кесу мақсатында тиісті шаралар қабылдадық. Бұл жұмыс, ең алдымен, Krisha.kz пен 2GIS сервистеріндегі жарнамалық материалдарға қатысты жүргізілді, — деді Азамат Қазбеков.

Оның айтуынша, бұл қадам азаматтардың құқығын қорғауды және құрылыс саласында заңдылық орнатуды көздейді. Сондай-ақ заңсыз кеткен мемлекеттік активтерді қайтару мен меншік құқығын қорғау — «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың басты тетігі.

Айта кетейік, бұған дейін елордада құны 2 млрд теңгеден асатын инженерлік желілер мемлекетке қайтарылғаны туралы хабарланған еді.