Астана мәслихаты депутаттарына орталықтың мобильді автоматтандырылған бағдарламалық кешендерінің жұмысы таныстырылды.
Қазіргі уақытта қалада 12 мобильді кешен жұмыс істейді.
Мамандардың мәліметінше, олар күн сайын жол қозғалысы ережесін бұзудың 1,5 мыңнан астам дерегін тіркейді.
Құқық бұзушылықтардың ішінде көлікті рұқсат етілмеген жерге тоқтату және тұраққа қою жағдайлары жиі кездеседі.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы мұндай әрекеттердің қала көшелеріндегі көлік қозғалысына кері әсер ететінін атап өтті.
- Ретсіз қойылған көліктер жолдағы қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, кептеліс тудырады.
Сонымен қатар олар жаяу жүргіншілерге қауіп төндіріп, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметтерінің қозғалысына кедергі келтіреді, - деп жазды Астана әкімдігінен.
Мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 25 сәуірден бері ережені өрескел бұзған жүргізушілердің заңсыз қойылған 400-ден астам көлігі эвакуацияланған.
Айта кетейік, Астана қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы жол қауіпсіздігін арттыру және қаладағы көлік қозғалысын реттеу бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Бұған дейін Астанада бірнеше жол учаскесінде қозғалыс шектелетіні хабарланды.