15:53, 03 Сәуір 2009
Астанада заңсыз айналымнан алынған есірткі заттары жойылды
АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қалалық ішкі істер департаменті ғимаратының аумағында заңсыз есірткі айналымынан алынған есірткі заттары – 40 киләдан астам марихуана және гашиштің көзі жойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаевтың атап көрсеткеніндей, тәркіленген есірткі заттарын жою шарасы ҚР Үкіметінің тәркіленген есірткі заттарын қайта айналымға түсірмеу мақсатындағы 2008 жылғы қарашаның 6-сындағы Қаулысына сәйкес жасалып отыр. «Жыл басынан бері қала аумағында есірткіге қатысты 71 қылмыс анықталды, оның 51-і - есірткі саудасымен айналысқандар. 80 киләдан астам есірткі заттары тәркіленді. Оның 2 килә 400 грамы - героин. Тәркіленген есірткі заттарын жою бойынша құрылған арнайы комиссия апта сайын Ішкі істер департаментінде бас қосып, сот шешімімен жоюға рұқсат етілген қоймадағы есірткі заттарды арнайы пеште өртейді», - деді ол. 2009 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-шы бабы (есірткі заттарын сақтау) бойынша 58 адам ұсталды (2008 жылы ? 56). Аталмыш кодекстің осы бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес Астана қалалық Әкімшілік сотының шешімімен 14 адам 2-ден 10 тәулікке дейін қамауға алынды. Сондай-ақ өткен үш айда шекара бекеттерінде есірткі затын тасымалдаудың 33 фактісі анықталып, 51 килә есірткі тәркіленді. Осыған қатысты 6 адам қылмыстық жауапқа, 27 адам әкімшілік жауапқа тартылды.