Қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы оң жағалауда Луи Пастер көшесі, 67 мекен-жайында тұрған «На востоке» дәмханасы мен әкімшілік ғимарат бойынша тексеріс жүргізіп, қос нысаннын заңсыз тұрғызылғанын анықтаған.
Тексеру нәтижелері бойынша аталмыш құрылысқа тапсырыс беруші «Арнат» ЖШС-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ал, 2017 жылдың 26 қаңтарында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Арнат» ЖШС-на қарасты «На востоке» кафесі мен әкімшілік ғимаратты сүру туралы шешім шығарған.
Бірақ ЖШС-ы сот шешімімен келіспей жоғарғы инстанцияларға арызданған. Бірақ шағымданушының арызы қанағаттандырылмай, алғашқы сот шешімі өзгеріссіз қалған.
«2017 жылдың 25 мамырында Астана қаласының әділет департаментіне «Арнат» ЖШС-на қарасты Луи Пастер көш, 67 мекен-жайында заңсыз тұрғызылған дәмхана мен әкімшілік ғимаратты сүру бойынша сот үкімін орындауға қаулы келіп түсті. Содан бері ЖШС-ға заңсыз тұрғызылған ғимараттарды бұзу керектігі бойынша бірнеше рет ескерту берілген. Бірақ компания сот орындаушының ескертпесіне мән бермей келді. Бүгін сот шешімін орындауға өзіміз келіп тұрмыз», - деді Астана қалалық әділет департаментінің бөлім басшысы Ердәулет Болысбек.
Бүгін мемлекеттік сот орындаушы сот шешімін орындауға кірісіп, арнайы техникалар алып келіп, нысанды бұза бастады. Бірақ компания басшысы өтініш жасап ғимараттарды өз күшімен бұзуға уәде берді. Келер аптаға дейін қос нысан қиратылуы тиіс.