Астанада заңсыз жалға берілетін 1200 пәтер анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада заңсыз жалға берілетін шамамен 1200 пәтер анықталды. Бұл туралы Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, 2017 жылдың 10 қыркүйегінен бастап  1 желтоқсанға дейін   Астанада «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.  Шараға Астана қаласы Ішкі істер департаментінің барлық бөлімшелерінің жеке құрамы мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметкерлері  қатысуда. Іс-шараның мақсаты  - учаскелік инспекторлардың, көші-қон, криминалдық және патрульдік полиция, соның ішінде жедел әрекет етуші бөлімшелердің және басқа қызметтердің күштерімен әрбір әкімшілік учаскеде құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстың қарқынын арттыру.

«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы  басталғалы учаскелік инспекторлар 115 мыңнан астам пәтерді және 9000-нан астам жеке үйді  аралап шықты. ІІО тіркеуінде тұрған шамамен 4500 азамат тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Сондай-ақ, 7000-нан астам  азаматтық қару иегері тексеріліп, оның ішінде 57 қаруды сақтау ережелерін бұзу анықталды. Учаскелік инспектор шамамен 312-ден аса  әкімшілік учаскеде халық алдында  есеп берді», - делінген таратылған ақпаратта.

Ведомство мәліметінше,  іс-шара жүргізілу барысында заңсыз жалға берілетін шамамен 1200  пәтер  тіркеліп, ақпарат Мемлекеттік кіріс департаментіне жіберілді. Тұрғылықты жері жоқ 36 азамат қабылдап-тарату орнына жеткізілді. Жалпы «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы әкімшілік жауапкершілікке 9400-ден астам адам тартылған.