«Елордада алғашқы ірі шығармашылық хаб («Мирный дом» тұрғын үй кешенінде орналасқан) ашылды. «ÓzgeEpic» хабына бірегей этно-музей мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда қонақтарға заманауи арт-перформанс, музыкалық және әдеби кештер үшін трансформер зал, заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындардың смарт аймағы ұсынылады. Хаб аумағында қазақстандық баспалардың өнімдерін сатуға арналған кітап дүкені бар», - деп жазды қала басшысы.
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Астанадағы хабтың шығармашылық нарыққа көптеген маманды қосуға себепші болатынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы креативті экономика – талантты, шығармашыл адамдарды қызықтыратын ірі қалалардың дамуының қозғаушы күші екенін атап өтті. Астанадағы креативті хабтың мақсаты – бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру, дарынды және интеллектуалды жастарды қолдау әрі тәлімгерлік ету. Хаб шығармашылық нарыққа жүздеген маманды қосуға ықпал етеді», - деді елорда әкімі.