Ж.Ахметбековтың айтуынша, сайлауалды науқан барысында ол және оның үгіт-насихат топтары еліміздің шалғай өңірлерін аралап, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтардың өзекті мәселелерін көтеретін болады. «Біздің негізгі мақсатымыз - халықтың үнін үкіметке жеткізу. Біз партияның қатарына азаматтарды көптеп тартуды көздемейміз. Біз қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды қолдаймыз», - дейді Ж.Ахметбеков.
Ж.Ахметбековтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі қызметіне Коммунистік партияның Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы Дәукен Темірбаев тағайындалды.
Айта кетейік, президенттіктен үміткер Ж.Ахметбековтың кандидатурасы ақпанның 14-і күні Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының атынан ұсынылған болатын. Ақпанның 25-сі күні оның атына сайлаушылардың 95 мыңнан астам қолы жиналып, ақпанның 26-сы күні Ж.Ахметбеков Орталық сайлау комиссиясының ресми тіркеуінен өткен болатын.