Астанада Ж. Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті

СТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел - бір кітап» акциясына арналған «Жұбан жыры: рух пен бірлік жаршысы» атты дөңгелек үстел жиыны өтті.

Оған ҚР Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен ақындар қатысты.

Жиынның басты мақсаты - «Мен қазақпын» поэмасының қазақтың рухани мұрасында, азаматтық қоғамды нығайтуда және халықтар арасындағы бірлікке тигізген өлшеусіз маңызы мен орнын айқындау.

Қазақстанда «Бір ел - бір кітап» жобасы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың, Мәдениет министрлігінің және Қазақстанның Кітапханалар қауымдастығының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіледі. Биыл жобаның аясында Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы оқуға таңдалды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанда акция аясында қыркүйектің 22-сі мен 28-і аралығында бірқатар шаралар өткізіледі. Осымен қатарынан 4-ші жыл қатарынан өткізіліп жатқан шара кезінде барлық кітапханалар мен оқу орындарында, мектептерде кітап көрмелері, әдеби кештер, зерттеушілер мен әдебиеттанушылармен кездесулер ұйымдастырылып, осы шығарманы насихаттау бойынша кітап оқушылар конференциясы, ашық сабақтар өтеді.

Аталған акция ақиық ақын Жұбанның туғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.