Астанада Ж.Жабаевтың 170 жылдығына арналған әдеби кеш өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Әлем ақыны» атты әдеби кеш өтеді, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.

Биыл Қазақстан Республикасы және әлемдік қауымдастық қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығын атап өтеді. Ақын шығармашылығы жалғыз мақсатқа - туған халқының мүддесіне қызмет етуге арналып, ұлы ақын халқының жадында «ХХ ғасырдың Гомері» деген атпен мәңгі қалады.

Кеш аясында Ж.Жабаев шығармаларын мәнерлеп оқу бойынша қалалық байқауға қатысқан Астана қаласы мектептерінің оқушыларының орындауындағы Ж.Жабаев шығармаларынан құралған поэзиялық композиция көрсетіледі, ұлы ақынның атымен аталған Ресей қалаларындағы көшелер жайлы бейнесюжеттер көрсетіледі.

Ресейдің көптеген қалаларында Жамбыл Жабаевтың есімі берілген көшелер бар.