Астанада «Жақсы дәрігер» фотокөрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейінде «Жақсы дәрігер» фотокөрмесі ашылды. Ерекше көрмені қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық № 2 көпбейінді аурухана ұйымдастырды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Көрмеде астаналық дәрігерлердің образын аша түсетін жүзден аса жұмыс ұсынылды. Фотограф Марат Амиров өз суреттерінде медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысын, олардың ота жасап жатқанын, консультация жүргізгендігін, мамандардың қабылдауындағы сәттерді барынша шынайы етіп жеткізуге тырысқан. 

№ 2 қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Иван Лидің айтуынша, шара дәрігер мамандығының беделін көтеруге және пациенттердің медицина мамандарына деген сенімділік деңгейін арттыруға бағытталған. 

Көрмені ұйымдастырушылар күн сайын ауруханада оншақты дәрігер жүздеген адамға қажетті көмек көрсететінін, оларға өмір мен қуаныш сыйлайтынын айтады.

«Жақсы дәрігер» фотокөрмесінің ашылу салтанаты ҚР еңбегі сіңген қайраткерлерінің, «Серпер» жастар сыйлығының жүлдегерлері және «Астана мюзикл» театры әртістерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, шара ҚР Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу шеңберінде өтті.