Астанада жалдамалы пәтер нарығында 40 млрд. теңге «көлеңкеде» қалып отыр - Мемкірістер департаменті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік кірістер департаменті Астанада жалға беруге құлықты азаматтардың жеке меншік пәтерлерін тіркеуге алуды және оларға "EXPO RECOMENDATION" белгісін беруді ұсынып отыр.

Бұл туралы бүгін Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әбілxайыр Ысқақов мәлім етті.

"Астана - қарқынды дамып келе жатқан қала. Ресми деректер бойынша, елордада 230 мыңнан астам пәтер бар. Олардың ішінде заңды түрде 9,3 мың пәтер жалға беріледі. Бұл жалпы пәтерлер санының 4%-ынан да кем. Сарапшылардың бағалауынша, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Елордада кемінде 10% пәтер жалға беріледі. Шамамен "көлеңкелі" айналымда 40 млрд. теңге бар. Салық түрінде бюджетке 300 млн. теңгеге тарта қаражат түспей қалып отыр", - деп атап өтті ол Астана әкімінің қатысуымен өтіп жатқан департаменттің кеңейтілген отырысында.

Ә. Ысқақовтың сөзі бойынша, былтыр жалға беріліп келген 700 пәтер тіркеуге алынған. Дегенмен салық органдарынан жасырын жалға беріліп жатқан пәтерлер одан да көп. Сондықтан департамент басшысы ЭКСПО-2017 көрмесіне дейін бұл саланы біржақты қылу қажеттігін атап өтті.

"ЭКСПО-2017 көрмесі барысында қонақүйлерге деген сұраныс күрт артады. Тиісінше пәтердің жалға алу құны да еселеп артады. Пәтерлерін қонақүй ретінде жалға беруге дайын адам саны да көбейеді. Осы орайда, Әділбек Рыскелдіұлы, жалға беруге құлықты азаматтардың жеке меншік пәтерлерін тіркеуге алу және оларға "EXPO RECOMENDATION" белгісін беру жөніндегі ұсынысты қолдауыңызды сұраймыз. Осы бағыттағы "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының, Риэлторлар қауымдастығының және өзге де мүдделі тұлғалардың тиісті жұмыстарынан кейін, жалға берілетін пәтер нарығы ашық бола түседі", - деді Ә. Ысқақов қала басшысына қаратып айтқан сөзінде.

Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік пен көлік салығының жалпы салықтағы үлесі 10%-ды құрайды.