Астанада жалған құжаттар жасаған азамат тұтқындалды

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат - Жуырда Астана қалалық ішкі істер департаментінің Жол полициясы қызметкерлері Алаш тас  жолы (бұрынғы Софиевка жолы) бойында орналасқан дәмханалардың бірінен Қарағанды облысының 57 жасар азаматын жалған құжаттармен тұтқындады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған азаматтың жеке мүлкіне тексеру жүргізу барысында 200-ден астам жалған құжаттардың бланктері табылды. Жалған құжаттар арасында 54 уақытша көлік жүргізу куәлігінің, 45 техникалық тексерудің, 19 сенімхаттың, 27 түрлі компаниялардың сақтандыру полисінің, сонымен қатар жолаушылар мен жүк тасымалдауға рұқсат беретін лицензияның, күзет қызметiн жүзеге асыру лицензиясының, медициналық анықтамалардың  бланктері бар. Қазір бұл азаматтың бұған дейін де осындай қылмысы үшін сотталғаны анықталып отыр. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.