Астанада жалған сертификат сатып, 24 адамды алдаған жаттықтырушы сотталды

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Бұрын спорт клубтарында жаттықтырушы болып жұмыс істеген азамат көптің сеніміне кіріп, заңдық күші жоқ, өзі дайындаған жылдық абонемент түріндегі жалған сыйлық сертификаттарын сатып келген. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасы мәлім етті. 

— Ол бұл сертификаттарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан — 150 мың теңгеге ұсынып, олардың түпнұсқалығына сендіріп, азаматтарды шатастырған. Шын мәнінде мұндай абонементтердің құны шамамен 700 мың теңге, — делінген хабарламада.

Жәбірленушілер, фитнес-орталыққа келгенде сатып алған сертификаттарының жарамсыз екенін біліп, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болған. 

— Аталған қылмыстық әрекеттен 24 адам жапа шеккен, келтірілген жалпы материалдық залал 3,5 млн теңгеден асқан. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды, — деп хабарлады прокуратурадан. 

Жәбірленушілерге келтірілген залал толық өтеліп, ауырлататын мән-жайлар болмауына байланысты, сот үкімімен алаяққа 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілеумен бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 

Айта кету керек, сыйлық сертификаттары мен карталар арқылы жасалатын алаяқтық фактілері бүгінгі таңда жиілеп кетті. Әсіресе онлайн-сатылымдар мен сервистердің кеңінен таралуы мұндай қылмыстардың қаупін арттырып отыр.  

— Осыған байланысты, мұндай қызметтерді тек ресми сатушылар арқылы сатып алу қажет. Әйтпесе, алаяқтардың құрбаны болу қаупі жоғары. Астана қаласының прокуратурасы бөтен мүлікті жымқыру не бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иелену әрекеттері үшін заңнамада мүлкі тәркілене отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді, — делінген хабарламада.

Бұған дейін хабарланғандай, Бас прокуратура алаяқтарды анықтау жұмыстары күшейтілгенін хабарлаған болатын.