Астанада жалпықалалық сенбілік өтті

АСТАНА. Сәуірдің 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен жалпықалалық сенбілік өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. И.Тасмағамбетов Тәуелсіздік-Тұран көшелерінің қиылысында болған сенбілікке қатысып, ағаштар отырғызды. Ал К.Мәсімов болса, Сығанақ-Қабанбай батыр даңғылы қиылысында ҚР Үкіметі қызметкерлерінің күшімен абаттандырылған көше бойына жас көшеттерді екті. Сенбілікке барлығы 82 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. Сондай-ақ, 108 тиегіш пен 370 жүк таситын техника жұмылдырылды. Олардың күшімен заңсыз лақтырылған 85 қоқыс үйіндісін тазалау және қала сыртына 3,5 мың тонна қоқыс шығару көзделіп отыр. Елорда әкімінің айтуынша, бүгін 3 мыңға жуық ағаш отырғызылса, жыл соңына дейін олардың саны 19 мыңға (өткен жылы 13 мың) жетеді. «Жалпы қалалық сенбілік дегеніміз, ең алдымен сәулеті мен салтанаты жарасқан шаһарымыздың ажары мен әсемділігін, тазалығы мен тәртібін еселейтін шаралардың бірі деп есептеймін. Ауламыздың, қоршаған ортамыздың тазалығы ? бұл жан-тәніміздің тазалығымен пара-пар. Сондықтан, бүгінгі сенбілікке жұмыла шыққан елорда тұрғындарына өзімнің ризашылығымды білдіремін», - деді ол.