Айлық аясында 21 қыркүйекте «Біз таза қала үшін» қаланы санитарлық тазарту, көгалдандыру және абаттандыру бойынша жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылады. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласы әкімдігінің өмірді қамту және инфрақұрылым бөлімінен хабарлады.
Жалпықалалық экологиялық сенбілік аясында қалалық және республикалық ұйымдар «Астана-Зеленстрой» АҚ бірлесіп көшеттер отырғызады.
Алматы ауданында Ақжол және №14 көшелердің қиылысында қау жапырақты шегіршін, сүмбіл терек, қызыл тал, үйеңкі мен жиде ағашының 1848 көшеті отырғызылмақ.
Сарыарқа ауданында Тілендиев даңғылы бойынша Придорожный көшесінен бастап солтүстік-батыс айналма жолына дейін және Сарыарқа-Абай көшелерінің қиылысындағы саябақта 646 ағаш отырғызу көзделген. Мұнда терек, үйеңкі, қарағай, балқарағай отырғызылады.
Есіл ауданында 1545 көшет отырғызылмақ: Тұран даңғылы №31 көшеден «Астана жұлдызы» монументіне дейін ұсақ жапырақты шегіршін, ал Ботаникалық бақ ауданына қарағай, арша, қайың, шетен және зерек ағаштары отырғызылады.
Жалпықалалық сенбілік аясында алуан түрлі ағаштан 4039 түп отырғызу жоспарланған, қазіргі уақытта 3639 орын белгіленді. Қалалық және республикалық ұйымдар қатысатын іс-шараларды өткізу кезінде барлық нысандарда «Астана-Зеленстрой» АҚ мамандары мен қызметкерлері бекітіледі.
«Әкімдіктің өтінішімен ағашты-бұталы өсімдіктердің 1500 жуық көшеті, инерттік материал, 980 текше метрге жуық топырақ, кем дегенде 350 м3 құм және қоқыс жинау үшін 4800-ден астам полиэтилен қап дайындалады. Сонымен қатар, жүк тиегіш көліктер мен жиналған қоқысты тиейтін бригада ұсынылады. Қала басшысының тапсырма-жоспарына сәйкес, Энергетика, көлік және құрылыс басқармасынан ластанған жерлерді тазалау және оны полигонға уақытылы көму үшін 30 жүк тиеуіш және 90 үлкен жүк тасымалдайтын машина бөлінеді. Бұдан басқа, коммуналдық, құрылыс және қаладағы басқа да кәсіпорындардың механикаландырылған техникасы толық тартылады»,- делінген таратылған ақпаратта.
Экологиялық айлық аясында гүлзәрларды тазалау, парк пен көшелерді, скверлерді жинау жоспарланған. Қаланың үш ауданынан 1000 текше метрге жуық, атап айтқанда, Алматы ауданы бойынша 437 текше метр, Сарыарқа ауданында 238 текше метр және Есіл ауданында 313 текше метр қоқыс шығарылмақ.
Сенбілік пен экологиялық айлықты өткізуді қаланы көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазарту, абаттандыру бойынша жұмыстарды жүргізуді бақылайтын және тікелей жауапты шаһар басшысы бекіткен қалалық штаб, аудан әкімдіктері, қалалық департаменттер мен басқармалардың басшылары қамтамасыз етеді.
Жалпықалалық сенбіліктердің негізгі мақсаты - қоғам назарын қала көшелерінде тазалық сақтауға аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, өскелең ұрпаққа тәрбие беру болып табылады. Туған қаласының көшелері мен аулаларын абаттандыруға ниет білдірген қала тұрғындары мен ұйым өкілдері қатыса алады.