Астанада жаңа аялдамалар орнатыла бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысында жаңа үлгідегі жылы аялдама орнатылды деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа аялдаманың бірнеше артықшылығы бар. Бұрынғы қызыл түсті бір тектес аялдамалардың сыртқы жағында жолаушылар отыратын жер болмаса, жаңа аялдаманың жабық жерінде де, ашық жерінде де отыратын жер бар. Есігі капсула сияқты автоматты түрде ашылады. Бірақ әзірше ол есік істемей тұр. Ішкі жағында арнайы терезе орнатылған. Ол арқылы сауда-саттық жүргізіледі. Ал сыртта ұялы телефондарды зарядтайтын жер, сондай-ақ Wi-Fi желісі бар. Бейнебақылау жүйесі де орнатылған. Бірақ аталған қызметтер әзірше істемей тұр.
 

«Мен бұл аялдаманы жақында ғана көрдім. Жақсы жасапты. Есігі де автоматты түрде ашылады екен. Ол да жақсы. Әйтпесе, бұрынғы аялдамалардың есіктері жиі сынады. Қатты аяз кезінде жабылмай қалады. Автоматты түрде істесе, ондай проблемалар болмайтын шығар. Енді, адамдардың өздері сындырмаса болды», - дейді қала тұрғыны Бибігүл Әбілқадырова.
 

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласының әкімідігі жылы аялдамалардың жаңа үлгісін қарастырып жатқаны туралы айтылған болатын. Ол аялдамалар жеке инвесторлардың есебінен салынады. Жоспар бойынша кәсіпкер аялдаманы орнатады да, бірнеше жылдың ішінде сауда орны мен сыртқы жарнама арқылы өз шығындарын ақтайды. Аялдамадағы тазалыққа да өзі жауапты болады. Бұрынғы қызыл аялдамалар бюджеттің есебінен салынған еді. Оның бағасына қатысты талай рет дау-дамай шыққаны белгілі.