Астанада жаңа балалар ауруханасы салынады: Құрылыс мерзімі мен мақсаты

АСТАНА. KAZINFORM – Ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша 8 заманауи перинаталды орталық, 7 көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Астанада балаларға арналған 200 орындық аурухананың құрылысы 2027 жылғы қаңтарда басталмақ. Ол қашан ашылады, қандай бөлімшелер жұмыс істейді және жылына қанша бала ем қабылдай алады? Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбековпен сұхбаттастық.

Фото: Ержан Әділбековтің жеке мұрағатынан

– Ержан Серікқалиұлы, Президент кешегі Жолдауында балалар денсаулығына ерекше тоқталып, жаңа ауруханалар салуды тапсырды. Оның бірі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының аумағында бой көтермек...

– Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Астанада балаларға арналған заманауи шұғыл медициналық көмек орталығын салу жоспарланып отыр. Нысан елорданың Нұра ауданында, Тұран даңғылының бойында орналасады.

Жобаның негізгі мақсаты – балаларға шұғыл әрі жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Орталық 200 стационарлық төсек-орынға есептелген және ең озық құрал-жабдықтармен жасақталады.

– Құрылыс қашан басталады және нысан қашан пайдалануға берілмек?

– Жобалық құжаттама осы жылдың 14 тамызында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып үлгерді. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылғы қаңтарда бастауды жоспарлап отырмыз. Жобаны екі жыл ішінде жүзеге асырып, құрылысты 2028 жылғы желтоқсанда толық аяқтау көзделген.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Жаңа аурухананың құрылымы қандай болады? Балаларға нақты қандай бағыттар бойынша көмек көрсетіледі?

– Біз балаларға шұғыл көмек көрсететін хирургиялық және педиатриялық бөлімшелерді толық қамтимыз. Хирургия саласында: балалар хирургиясы, іріңді хирургия, нейрохирургия, жақ-бет хирургиясы, травматология және ортопедия, офтальмология, ЛОР және урология-гинекология бағыттары жұмыс істейді.

Ал терапия және педиатрия бағытында: аллергология, токсикология, неврология, эндокринология, гастроэнтерология, кардиология, нефрология және пульмонология бойынша мамандандырылған көмек көрсетіледі.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Жаңа туған нәрестелер мен шала туған сәбилерді күтіп-баптау мәселесі ескерілген бе?

– Әлбетте, нәрестелерге медициналық көмек көрсету – ең басты бағыттарымыздың бірі. Орталықта жаңа туған сәбилерге күрделі хирургиялық ем жүргізу, шала туған нәрестелерді заманауи аппараттармен күтіп-баптау және нәрестелік кезеңдегі түрлі патологияны емдеу мүмкіндіктері толық қарастырылған.

– Алдын ала есептеулер бойынша, аурухана жылына қанша баланы қабылдай алады?

– Болжам бойынша, мұнда жылына шамамен 8 900 бала ем қабылдай алады. Бұл көрсеткіш төсек-орындардың 85 пайыз қуаттылықта жұмыс істеуі және әр науқастың ауруханада орта есеппен 7 күн жату ұзақтығы негізінде есептелген. Әрине, нақты сан науқастардың диагнозы мен емдеу күрделілігіне қарай өзгеріп отырады.

– Бұл орталық тек Астана балаларына арналған ба, әлде өңірлерден де науқастар қабылдана ма? Шалғай ауылдардағы балалардың жағдайы қалай болады?

– Жоқ, бұл тек елордалықтарға ғана емес, республикалық деңгейдегі орталық болады. Әсіресе шалғай және қатынауы қиын елді мекендерде тұратын, жоғары технологиялық емге мұқтаж балалар үшін қызмет етеді. Науқастарды жерүсті көлігімен де, қажет болған жағдайда медициналық авиация арқылы да шұғыл түрде жеткізу жүйесі жолға қойылады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Жаңа аурухананың дәл осы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының аумағында орналасуының қандай логистикалық немесе медициналық артықшылығы бар?

– Бұл – өте тиімді шешім. Орталықтың дайын инфрақұрылымы жедел жәрдем қызметімен секундтар ішінде үйлесімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бір кешенде заманауи зертханалар, диагностикалық жабдықтар мен түрлі саланың үздік дәрігерлері шоғырланады. Соның арқасында баланың өмірі қыл үстінде тұрған сәтте жан-жақты консилиум жасап, жедел шешім қабылдауға зор мүмкіндік туады.

– Сұхбатыңызға рақмет.