Астанада жаңа индустриялық парк пен AI-жүйе салынады

Фото: publicdomainpictures.net

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобалары шағын әлеуметтік нысандардан ірі инфрақұрылымдық жобаларға ауысып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстандық МЖӘ орталығының басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин мәлімдеді.

Орталық мәліметінше, соңғы жылдары елде 3,6 трлн теңге сомасына 1 257 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және концессиялық келісімшарт жасалған. Оның ішінде 697 келісімшарт әлі қолданылып келеді, 411 жоба толық аяқталған, ал 149 келісімшарт бұзылған.

— Тек 17 жоба республикалық деңгейге жатады, олардың жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайды. Қалған 1 240 бастама жергілікті маңызға ие, олардың жиынтық құны 1,7 трлн теңгеден асады. Жасалған келісімшарттардың 88%-дан астамы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына тиесілі. Қаржыландырудың 27%-ы көлік және инфрақұрылымдық құрылыс жобаларына тиесілі, — деді Аслан Қалиғазин.

Орталық басшысының айтуынша, 2022 жылдан бастап жобалар саны азайғанымен, бір жобаның орташа құны өсіп отыр. Қазіргі портфельдің негізгі бөлігін индустриялық парктер, көпбейінді ауруханалар, ядролық медицина орталықтары, көше жарықтандыру жүйелері және жасанды интеллект негізіндегі жобалар құрайды.

Аслан Қалиғазин 2025 жылы Астана қаласында іске асырылатын екі ірі жобаны ерекше атады. Біріншісі — «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағында құны 126,5 млрд теңге болатын №2 индустриялық парк. Екіншісі — құны 90 млрд теңге болатын жасанды интеллект негізіндегі қалалық инфрақұрылымды басқару жүйесі.

— Бұл жүйе қолданыстағы «Сергек» жүйесінің орнын басады. Жоба шеңберінде үлкен деректер ағындарын талдауға арналған жаңа құралдарды енгізу көзделіп отыр, бұл уақтылы әрекет етуге, ықтимал оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Бұған дейін елімізде ендігі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты тек конкурстық негізде жасалатыны туралы хабарлаған едік.

Былтыр елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын дайындау қорлары құрылатыны белгілі болды.