Астанада жаңа камералар 20 мыңнан астам белдік тақпаған жүргізушіні анықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада биыл наурыз айынан бастап іске қосылған жаңа интеллектуалды бейнебақылау жүйесі 20 мыңнан астам жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғанын тіркеді.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев айтты.

Оның сөзінше, елордада «Сергек» жүйесімен қатар «Presight AL LTD» компаниясының интеллектуалды кешендері де қолданыла бастады. Олар жол қозғалысы ережесін бұзудың 15 түрін автоматты түрде анықтай алады.

– Жаңа кешендерді кезең-кезеңімен енгізу барысында қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарудың 20 мыңнан астам дерегі, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың шамамен 2,5 мың жағдайы және жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеген 127 дерегі анықталды, – деді Нұрлан Уваев.

Оның айтуынша, қазір жүйені кеңейтуге арналған монтаждау және техникалық жұмыстар жалғасып жатыр.

Сонымен қатар жаңа камералар жаңа құқық бұзушылық түрлерін енгізбейді. Олар тек заңнамада жауапкершілік көзделген қолданыстағы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді.

Айта кетейік, Астанада жол ережесін бұзған 19 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылды.