Астанада жаңа прокурор тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаевтың 2014 жылғы 21 қазандағы №153/6 бұйрығымен, Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Сабыржан Мәдиұлы Бекбосынов Астана қаласының прокуроры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Сабыржан Мәдиұлы Бекбосынов 1954 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. 1980 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған.

ҚР Прокуратура органдарында 1980 жылдан бастап: тергеуші, аға тергеуші, аудан прокурорының орынбасары, облыс прокурорының аға көмекшісі, облыс прокуратурасы бөлімінің бастығы, аудан прокуроры, Бас прокуратура бөлімінің бастығы лауазымдарында жұмыс істеген.

1999 жылдан бастап Астана қ. прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

2003 жылғы мамырдан бастап 2009 жылғы қараша аралығында ҚР әділет вице-министрі, ҚР Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің төрағасы болып істеді.

Сондай-ақ Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары және Маңғыстау облысының прокуроры қызметтерін атқарған.