Мешіттің бас имамы Жақияқажы Исмаиловтың айтуынша, жаңа мешіт жергілікті xалық үшін ыңғайлы жерде тұр. Үлкен автотұрағы да бар.
«Мешітіміз Оразаның қарсаңында ашылғалы отыр. Осы жерде тарауық намаз оқылады. Халық күнімен, түнімен құлшылық жасайды. Қадыр түнінде де мыңдаған адам келіп, құлшылық жасай алады. Ертең, 11 мамырда сағат 10:00-ның кезінде бүкіл xалықты жинап, жаңа мешітімізді ашамыз», - деді Ж.Исмаилов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Айта кетейік, авангард үлгісінде салынған жаңа мешітке Ырыскелді қажының аты беріліп отыр. Мешіттің кіреберісінде шағын автотұрақ бар. Бүйірінде тағы 300 көлік сыятын тұрақ орналасқан. Ал мешіттің айналасында бірнеше күн панельдерін орнатып қойған. Күнқағарлардың шатырында да панельдер бар. Соның арқасында жаңа мешітті күн энергиясымен толығымен қамтамасыз етуге болады.
Электрик мамандардың айтуынша, күн панельдерінің қуаттылығы сонша, артық энергияны қалалық желілерге сатуға толық мүмкіндік бар.
«Ауа-райы жақсы болып, күн шығып тұрғанда 200 КВт өндіруге болады. Соның 30-40 проценті мешітке толығымен жетеді. Қалғаны қалаға. Енді, түнде қаланың өзінен аламыз ғой. Ол кезде 20-30 Квт қажет. Сонда күндіз 150 Квт-ты қалаға беріп, түнде ары кетсе 50 КВт алсақ, 100 КВт-тан астамын қалаға беріп отырамыз. Жалпы, жаңа мешітте энергия үнемдеу теxнологияларын қолдану жағы жақсы ескерілген», - дейді олар.
«Солтүстік Қазақстанда, көбінесе, татар үлгісінде салынады. Ал оңтүстікте өзбек пен иран стилін ұстанады. Астанадағы мешіт таза қазақ стилі мен авангардтың қосындысы болып саналады. Негізі, ондай конструкциялар дін қағидаттарына қайшы келмейді. Осы іспетті мешіттер Малайзия мен Германияда бар», - дейді С. Жанболатов.