Астанада жаңа жылу көзі биыл іске қосылуы қажет, еш сылтау болмауы тиіс - Президент

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада жаңа жылу көзі биыл іске қосылуы қажет, еш сылтау болмауы тиіс. Бұл туралы Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті биліктің қырағылық танытпауы мен әрекетсіздігінің салдарынан бүгінде біз «өрт сөндіру» режимінде жаңа жылу көздерін, су құбырларын, тазарту құрылыстарын салуға мәжбүрміз. Бұл ретте бұған дейін айтылған энергетикалық нысандарды іске қосу мерзімдері кешігуі мүмкін. Бұған дейін мен жыл соңына дейін екі газ жылу станциясын – «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс»-ты, сондай-ақ бірінші кезекте ЖЭО-3 пайдалануға беруді тапсырдым», - деп еске салды Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, аталған нысандарда жұмыстың қарқыны өте төмен немесе мүлдем жүрмей жатыр.

«Күл үйіндісінің екінші бөлігін салу сияқты маңызды учаскелерде персонал мен техника жетіспейді. Мұндай тәсіл қолайсыз. Жаңа жылу көздері ешқандай да сылтауларсыз биыл іске қосылуы керек. Бізде басқа жол жоқ. Бірақ бұның өзі жылу көздерін пайдалануға қатысты тапшылықты екі жылға ғана жабуға мүмкіндік береді, одан артық емес», - деді Мемлекет басшысы.