Ұлттық компания республикалық маңызы бар автожолдарға шығуды жоспарлаған жүргізушілерді барынша сақ болуға үндеді.
Мамандар көлігі қысқы дөңгелекпен жабдықталмаған жүргізушілерге қала сыртына шықпауға кеңес береді. Сондай-ақ жол жағдайына қарай жылдамдықты реттеп, қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажет.
Бұдан бөлек, күрт тежеуден, жолақ ауыстырудан және негізсіз басып озудан бас тарту ұсынылады. Жолға шығар алдында ауа райы мен жүру бағыты бойынша жол жағдайын нақтылаған жөн.
Әсіресе, көпірлерде, жол өткелдерінде, еңістер мен өрлерде көктайғақ қаупі жоғары болуы мүмкін.
«ҚазАвтоЖол» күндіз ауа температурасы нөлден жоғары болғанымен, кешке қарай жол жабыны тайғаққа айналуы мүмкін екенін ескертті.
Республикалық маңызы бар автожолдардың жағдайы туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөмірі арқылы алуға болады.
Еске салайық, бұған дейін 26 қарашада еліміздің бірқатар облысында жаңбыр мен қар жауып, тұман түсетінін хабарлағанбыз.