Астанада және Қазақстанның төрт облысында жолдар жабылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада және Қазақстанның төрт облысында жолдар жабылды, деп хабарлайды «Қазавтожол» РМК.

Астанада сағат 14:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты (аяз, бұрқасын, жол көрінісінің нашарлауы) республикалық маңызы бар «Астана-Қарағанды» тасжолына қоғамдық және жүк көліктері үшін шектеу қойылды.

Алматы облысында сағат 13:30-дан бастап ауа райының нашарлауы (бұрқасын, жолдың көрінбеуі) салдарынан «Үшарал-Достық» автожолында (83-184 шақырым аралығы) барлық көлік түрлерінің жолға шығуына тыйым салынды.

Сол секілді Шығыс Қазақстан облысында сағат 11:00-де «Өскемен-Семей» жолында (154-198 шақырым аралығы, Шүлбі ауылынан Семей қаласына дейін) барлық көлік түрлеріне шектеу бар.

Ал, сағат 12:10-нан бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты «Семей-Қайнар» жолының 8-266 шақырымы барлық көлік түрлері үшін жабық.

Сағат 12:20-дан бастап республикалық маңызы бар «Алматы - Өскемен» автожолының 977-1048 шақырымындағы Қалбатау ауылынан Ұлан кентіне дейінгі бөлігінде де қатты боран көлік қоғалысына тосқауыл болды.

Қарағанды облысында сағат 13:00-де ауа райының нашарлауы (бұрқасын, жол көрінісінің шектелуі) салдарынан барлық бағыттағы көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды.

Павлодар облысында сағат 14:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығы салдарынан (бұрқасын, жолдың көрінбеуі) республикалық маңызы бар «Павлодар-Шарбақтыдан РФ шекарасына дейін» (0-111), «Қызылорда-Павлодар» жолы (1135-1206 км., Шідерті кентінен - Қарағанды облысының шекарасына дейін» барлық көліктер үшін жабылды.