Астана аймақтық электржелілік компаниясының басқарма төрағасы Руслан Абжанов 2026 жылғы 5 маусымнан бастап электр қуатының орташа тарифін 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін өсіруді ұсынып отыр.
Компания мәліметіне сай, тарифтің өсуіне электр энергиясын сатып алу мен тасымалдау құнының қымбаттауы себеп болған. Сондай-ақ ұлттық электр желілерінің қызмет ақысы, қуат нарығындағы төлемдер мен теңгерімдеуші нарық шығындары да өскен.
— 2025 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың сәуіріне дейін компания дифференциалды тарифтер салдарынан 3,5 млрд теңгеден астам шығынға ұшыраған. Бұған қоса коммуналдық тарифтердің өсуіне қойылған уақытша шектеу де әсер еткен, — дейді Руслан Абжанов.
Сондай-ақ елордадағы электр тұтыну көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен 2025 жылдың басында компаниямен 536 мыңнан астам келісімшарт болса, 2026 жылдың сәуірінде олардың саны 603 мыңнан асқан.
Руслан Абжанов тариф өсімі тұрғындар үшін орта есеппен 10 пайыз болады деп отыр. Есеп бойынша бір бөлмелі пәтердегі ай сайынғы төлем шамамен 383 теңгеге, екі бөлмелі пәтерде 766 теңгеге, ал үш бөлмелі пәтерде 1148 теңгеге ұлғаюы мүмкін.
Сонымен қатар компания жаңа тариф енгізілген күннің өзінде Астанадағы электр бағасы кей өңірлерден төмен болатынын мәлімдеді. Мысалы қазіргі таңда Ақтөбеде электр тарифі ҚҚС-пен бірге 52 теңгеден, Қостанайда 47 теңгеден асады.
Айта кетейік, бұған дейін, тариф өсімі инфляция деңгейі шегінде ғана жүргізілетінін жазған едік.