Астанада «Жариялы, ашық Қазақстан үшін» қозғалысының тұсауы кесілді

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада еліміздегі жастар ұйымдарының өкілдері «Жариялы, ашық Қазақстан үшін» атты қоғамдық- құқықтық қозғалысының тұсауын кесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш қозғалыс сыбайлас жемқорлық пен айналада болып жатқан заң бұзу, құқық бұзу мәселелеріне деген немқұрайдылықпен күрес мақсатында құрылып отыр. Сондай-ақ ол республикамызда азаматтық қоғамның дамуына ықпал етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. «Қозғалысты құруға еліміздің бір топ жастары бастамашы болып, оны республикадағы көптеген жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер қолдады. «Жариялы, ашық Қазақстан үшін» қозғалысы Елбасының саясатын қолдайды. Біз Қазақстандағы әрбір азамат заң алдында бірдей деп есептейміз және солай болуына күш саламыз», дейді қозғалыс лидері Шахмардан Байманов.