«Өткен жылы жарықтың апаттық сөніп қалуына қатысты 956 жағдай тіркелді. Оның бір бөлігі біздің «Астана-РЭК» салдарынан болғанын мойындаймыз. Әрбір жағдай бойынша біз тексеріс жүргізіп, бірқатар қызметкерлер лауазымынан босатылды. Осының арқасында қыркүйек айынан бастап жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын байқап отырмыз. Бірақ, жарықтың сөніп қалуы осы саладағы ұйымдар мен жеке құрылыс компанияларының біліксіздігі тиімсіз жұмысы себеп болып отыр», - деді қала әкімі.
Оның айтуынша, апаттық жарықты сөндірудің себебі ішкі желілерге байланысты болған.
«Бізге шағым келіп түскен кезде мамандарымыз «бұл біздің нысандар ма, әлде жеке ме?» деп сұрап жатпайды. Біз қоңырау түскен үйлерге барып, жарықты қосып береміз. Бірақ, сонымен қатар, жұмыстың сапасы пен пайдаланылуына басқарушы компаниялар, ПИК жауапты. Біз олармен де бірлесе жұмыс жүргіземіз», - деді шаһар басшысы.
Әсет Исекешев өз сөзінде қалаға жарық беру жүйесін дамыту бойынша әкімдіктің жоспарымен бөлісті.
«Өткен жылы «Тұран», «Жаңажол», «Бәйтерек», «Екі», «Промзона» кіші стансаларының құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары аяқталды. Апаттық жағдайларды азайту үшін 81 бөлуші пунктерге жөндеу жүргізілген. Биыл тағы 10 трансформаторлық кіші станса жөнделіп, 6 жаңа пункт салынады», - дейді ол.