АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Тәуелсіздігі күніне және Астананың 20 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру - ұлттың ұлы мұраты» атты жас ақындар мүшәйрасы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған әдеби байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде 50-ге жуық ақынның арасынан 10-ы іріктеп алынды. Екінші кезеңде олардың өлеңдері сайтқа салынып, оқырмандардың арасында дауыс беру жүргізілді. Үшінші кезеңде жас ақындар әділқазылар мен көрермендердің алдында өлең оқып, қабілет-қарымын көрсетті.
Сайысқа Несіпбек Айтұлы, Серік Сейітман, Елдос Тоқтарбай секілді белгілі ақындар мен әдебиет сыншылары қазылық етті.
Мүшәйра қорытындысында қарағандылық ақын Рауан Қабидолдин бірінші, елордалық Ажар Ерболған екінші және тағы бір астаналық ақын Алпамыс Файзолла үшінші орынға ие болды. Оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).