11:19, 16 Мамыр 2009
Астанада «Жас қанат - 2009» XVIII республикалық байқауы кезекті шымылдығын ашты
АСТАНА. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, сәуірдің 15-і күні Астанадағы Конгресс-Холлда жас орындаушылардың «Жас қанат - 2009» республикалық байқауы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Байқаушыларды Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың атынан әкім орынбасары Әмірхан Рақымжанов құттықтады. Ол 18 жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірінен жас таланттарды анықтап, олардың есімдерін Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге танымал етіп келе жатқан «Жас қанат» байқауы мен оның биылғы жылғы қатысушыларына ақ тілектерін білдірді. Биылғы байқаудың ерекшелігі ? қатысушылар (барлығы 13) үш-үштен «үштіктерге» бөлінді. Әр «үштік» өздерінің өнерін көрсеткеннен кейін, олардың ішіндегі ең үздік орындаушының есімі аталды. Ал қазылар алқасының қойған ұпай сандары байқаудың соңында жарияланды. Ә.Рақымжанов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Қазақ Ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсақожаева, «Хабар» агенттігінің «Еларна» телеарнасының бас директоры Айгүл Мүкей, ҚР еңбек сіңірген әртістері Медеу Арынбаев пен Бақыт Шадаева, «Жас қанат» байқауының бас продюсері Мұрат Ерғалиев және тағы басқалар бар.
Жартылай финалға оралдық Татьяна Ким (154 балл), алматылық «Melo?men» тобы (149), атыраулық Әсел Әбдірахманова (144), павлодарлық Гүлия Айдарханова (143), семейлік Әсем Омарова (140) және павлодарлық Алена Аллахвердиева (140), батыс қазақстандықтар Ербол Ақбасов (130) пен Таңат Жексенбаев (126) және алматылық Әлия Әйіп (123) өтті. Бәйгеден Оралдан келген Тарас Жауынбаев (121) пен «Батыс» дуэті (113) және астаналықтар Төлеген Ғабдырахманов (116) пен Азамат Мекебаев (108) түсіп қалды. Конкурсанттар «Жас қанат» байқауының дипломдарымен марапатталды.