Астанада жас мамандарды қолдау жәрмеңкесі өтті
АСТАНА.KAZINFORM – 24 маусым күні Астана қаласы әкімдігінің «Кәсіптік-техникалық колледжі» ШЖҚ МКК базасында түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтік серіктестік аясында кең көлемді кәсіби бағдар беру шарасы – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара колледж түлектері мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, тараптар арасындағы болашақ әріптестік бағыттарын анықтауға ықпал етті.
– Бүгінгі іс-шараға Rixos және Sheraton қонақ үйлері, Allur Auto Astana, Subaru Motor Astana, Porsche Centre Astana сияқты автосалондар, сондай-ақ Vector Service, Welding Company, On Green Technology, Стройбат LUXE, Алкон+, Астана Тазалық сынды өндірістік және сервистік компаниялар қатысып отыр, – деді ұйымдастырушылар.
Жәрмеңкеде электромонтер, электрогазбен дәнекерлеуші, автомобильдің электр жабдықтарын жөндеу электригі, техник-механик, жол-құрылыс машиналарының машинисі, кондитер және аспаз секілді сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды.
– Әр түлек жұмыс берушілермен жеке сұхбаттасып, өзіне қажетті ақпарат алып, түйіндемесін қалдырып жатыр. Көптеген студенттерге оқуын аяқтаған соң тәжірибеден өту және жұмысқа орналасу бойынша ұсыныстар берілді, – деп мәлімдеді колледж қызметкерлері.
Іс-шара барысында түлектерге арналған резюме жазу, іскерлік қарым-қатынас орнату, жұмыс сұхбатынан өту бойынша арнайы тренингтер ұйымдастырылды. Тәжірибелі мамандар жас түлектерге еңбек нарығында қажет болатын практикалық дағдылар мен пайдалы кеңестер берді.
Колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Тілеубаев Омарбек Орынбекұлының айтуынша, биыл 237 студент бес мамандық бойынша оқуын аяқтады.
– Олардың барлығы – жұмысшы мамандық иелері: автослесарь, автоэлектрик, электрик, дәнекерлеуші, тігінші және аспаз. Барлық студенттер мемлекеттік емтиханнан сәтті өтіп, өз бағаларын алды. Енді біз олардың жұмысқа орналасуына көмектесуді көздеп отырмыз, – деді ол.
Оның айтуынша, оқу орны бірнеше жылдан бері бірқатар кәсіпорындармен серіктестік орнатып, студенттер сол мекемелерде өндірістік тәжірибеден өткен.
– Hyundai Center, Allur Astana, Rixos Hotel, Астана электротехникалық зауыты сынды кәсіпорындар түлектерімізді жұмысқа қабылдауға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар бүгін резюме толтыру, сұхбаттан сәтті өту бойынша мастер-класстар ұйымдастырдық. Бүгінгі жәрмеңкеге 16 кәсіпорын қатысып отыр, – деді Тілеубаев.
Сонымен қатар ол сөзінде оқу орнына қабылдау 9 және 11-сынып базасында жүргізіледі. Биыл тек 9-сыныпты аяқтаған түлектер қабылданды. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай немесе 3 жыл. Колледжде жасы 18-ге толмаған студенттер де бар деді.
Sheraton Astana мамандық іріктеушісі Дина Айкен колледжбен ұзақ жылдан бері серіктестікте жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
– Біздің қонақүйде студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұмысқа орналасып жатады. Қонақ үй саласы жас маман үшін тамаша мүмкіндік, өйткені тек тамақтану мен қабылдау бөлімі емес, сонымен қатар қаржы, кадр, маркетинг және сату бөлімдерінде де өсу мүмкіндігі бар, – деді ол.
Оның айтуынша, Sheraton Astana қонақүйінде қызметкерлерге ресми еңбек шарты, ақылы демалыс, еңбекке жарамсыздық парағына төлем, корпоративтік мәдениет, қызметкерлерге арналған іс-шаралар және қосымша жеңілдіктер қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер тек жұмысқа орналасуға септесіп қана қоймай, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, оқыту жүйесін дамытуға және мамандар даярлау сапасын арттырады.
Бұған дейін, Астанада жастарға жұмысшы мамандықтарын таныстыру іс-шарасы өткенін хабарлағанбыз.