Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Тұрғын үй басқармасынан хабарлады.
«Соңғы уақытта азаматтардан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жас отбасыларға тұрғын үй беруге қатысты сауалдар жиі келіп түседі. Осыған орай, Астана қаласында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жас отбасылардан құжаттарды қабылдау үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында жүргізілетінін хабарлаймыз»,- делінген ведомство хабарламасында.
Тұрғын үй басқармасының хабарлауынша, қажетті құжаттар тізімі, оларды қабылдау орны мен мерзімі БАҚ-та қосымша жарияланатын болады.
Қазіргі уақытта ҚР Өңірлік даму министрлігі аталған бағдарламаға өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Еске салайық, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы тұрғын үй нарығындағы жағдайды жақсартуға және Қазақстан азаматтарының тұрғын үй жағдайларының сапасын арттыруға бағытталған.