«Жас режиссерлер - қазақ театрының ертеңі. Ұлттық сахна өнерінің құлашын кең жайып, әлем алдында танылуы да жас буынның ізденістері мен ұмтылыстарынан бастау алады. Аталмыш өнер мерекесінде жас режиссерлердің, шеберлік сағаттарынан өтіп, рухани сабақ алып, дүниетанымдарының өзгеріп, өнерде өзгеше жол, бағыт бағдар алары сөзсіз. Форум-фестиваль жас театр режиссерлерінің шығармашылығына жол ашып, қазақ режиссурасын жаңа есімдермен толықтыруды, сонымен қатар жас және танымал театр режиссерлеріне пікірталастар, лекциялар, шеберлік-сыныптары, семинарлар бағдарламалары арқылы білім және коммуникация алаңын жасап, отандық режиссура өнерінің өрісін кеңейтуге мүмкіндік туғызады»,-делінген аталмыш шараға байланысты таратылған баспасөз-баянында.
Сондай-ақ, шара қазақтың жаңашыл театр режиссері Қайрат Сүгірбековтің есімін есте қалдыру мақсатында ұйымдастырылуда. Шараның басты мақсаты - талантты жас режиссерлер шығармашылығына қоғам мен қалың көпшіліктің назарын аудару.
Форум-фестивальге Республикамыздағы 20-40 жас аралығындағы жас режиссерлер Елік Нұрсұлтан, Дәурен Сергазин, Дина Құнанбайқызы, Рүстем Жаныаманов, Болат Абдрахманов, Фархад Молдағалиев, Жұлдызбек Жұманбай, Гүлнәз Қамысбаева, Мейрам Хабибуллин, Айдын Салбановтар қатысады.
Алты күн бойы Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары форум-фестиваль барысында М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Астана Жастар театры, Ақтөбе облыстық Алақай театры, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры , Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры , А. И театры, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры , Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театры, Атырау облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрларының қойылымдарын тамашалай алады.