Астанада жас суретшілердің туындыларының көрмесі өтті - фоторепортаж

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бейбітшілік және Келісім сарайының «Құланшы» заманауи өнер орталығында Қазақ КСР халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған Қазақ ұлттық өнер университетінің көркемсурет факультеті студенттерінің шығармашылық жұмыстарының көрмесі өтті.

Көрмеге үздік деген туындылар іріктелген. Әртүрлі жанрда салынған суреттер ә дегеннен көрермендерді баурап алды.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жас суретші Ерасыл Ораздың көрмеген бірнеше туындысы қойылыпты. Әсіресе, Шоқан Уәлихановты бейнелеген суреті жиналғандардың жоғары бағасын алды.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Бұл суретті салуға 2 апта уақытымды жұмсадым. Өз ойыңнан салған суреттен біреудің суретін қағазға түсіру жеңілірек. Бұл ретте, Әбілхан атамыздың Шоқан Уәлихановты бейнелеген суретін салу қиынға соқпады. Шамам келгенше Шоқан атамыздың бейнесін шынайы келтіруге тырыстым. Әрине, сурет өнерінен хабары аз адамдарға сырттай бәрі тамаша көрінгенімен үйренеріміз көп. Гуашпен салынған сурет көрермендердің көңілінен шыққанына қуаныштымын. Кәдімгідей шабыттанып отырмын», - дейді Ерасыл.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген тағы бір суреттің авторы – Мадина Оразаева.

Оның Әбілхан Қастеевті бейнелеген суреті алыстан көз тартады.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Бұл сурет майлы бояумен салынды. Туындыны бір семестр бойы, яғни жарты жыл салдым. Бұл – менің алғашқы ірі көрмем. Жиналғандар суретті жоғары бағалап жатқанына қуаныштымын», - дейді Мадина.

«Құланшы» өнер орталығының жетекшісі Ләйла Махат жыл сайын 14 мамыр күні Қазақ ұлттық өнер университетінің көркемсурет факультеті студенттерінің шығармашылығына арналатынын жеткізді.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Елімізде талантты балалар көп. Олар тасада қалмай, шығармашылық қабілетін шыңдауға тиіс. Әсіресе, Қазақ ұлттық өнер университетіне республиканың түкпір-түкпірінен дарынды студенттер жиналған. Біз өз тарапымыздан талантты жастарды қолдауға дайынбыз», - деді ол.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Көрме барысында Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері сән көрсетілімін де ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform