Астанада жасалған қылмыстардың тең жартысын өңірлерден келгендер жасап отыр - А. Дауылбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жасалған қылмыстардың тең жартысы өңірлерден келгендердің үлесіне тиіп отыр. Бүгін Заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев осылай мәлім етті.

«Ресми статистикаға сүйенсек, Астанаға жыл сайын ішкі көші-қон арқылы 50 мыңнан астам адам қоныс аударады. Ал ресми емес деректер бұл көрсеткіштің ең аз дегенде екі есеге артық екенін айғақтайды», - дей келе Бас прокурор елордада азаматтарды тіркеу ісі де тиісті деңгейде жолға қойылмағанын атап өтті.

«Астанадағы бір шағын ғана саяжай учаскесінде 39 адам тіркеуге тұрған. Ал сол саяжай иесінің өзі тіпті мұншалықты адамның тіркеуде тұрғанын білмейтін де болып шықты. Елордадағы «Оңтүстік Шығыс» шағын ауданында пәтер ұрлығы ең көп жасалады. Ал мұнда бар-жоғы екі ғана учаскелік инспектор қызмет етіп жүр. Бұл ретте бір учаскелік инспекторға түсетін шектеулі ауыртпашылық 2,5-3 мың адамды құрау керек болса, ондағы полицейлерге тиетіні 20 мың тұрғынға дейін жетеді», - деді Үйлестіру кеңесінің отырысында Бас прокурор.