Астанада жасанды интеллектімен жасалған фильмдер байқауының финалы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада AI Month және AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық конференциясы аясында жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдердің халықаралық Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) байқауының үш күндік финалдық бағдарламасы басталды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Бірнеше айға созылған іріктеу кезеңі 1–3 қазан аралығында өтетін салтанатты шаралармен түйінделеді. Фестивальдің алғашқы күнінде байқауға қатысқан фильмдердің жабық көрсетілімі өтіп, көрермендерге Қазақстан, АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Корея және Қытай авторларының туындылары ұсынылды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл – жасанды интеллект саласындағы ең ауқымды халықаралық кинофестиваль. Байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен, олардың жалпы хронометражы 100 мың минуттан асады. Ең көп жұмыс жіберген елдердің қатарында АҚШ (1000-нан астам өтінім), Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея және Қазақстан бар. Елімізден байқауға 850-ге жуық өтінім түсті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Іріктеу нәтижесінде 19 жанрды қамтитын 25 үздік финалист анықталды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Фильмдерді әзірлеу кезінде 80-нен астам генеративті модель қолданылған. Соның ішінде қатысушылар бағасы 5 миллиард доллардан асатын қазақстандық Higgsfield стартапының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған.

Astana AI Film Festival негізін қалаушы Айзат Кусейновтың айтуынша, 25 финалистің қатарына Аустралия, Сенегал, АҚШ, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Корея сияқты елдердің өкілдері енген, ал Қазақстаннан екі жұмыс финалға өтті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Біз әлем бойынша жіберілген 8 мыңнан астам жұмысты қарап шығып, ең үздік 25 финалисті таңдадық. Көрерменге ұсынылатын материалдың ұзақтығы 4 сағаттан асады. Шыны керек, осы фильмдерді көргенде қатты таңғалдым. Киноиндустрияның расымен де өзгеріп жатқанын түсіндім. Жаңа технологиялар сапалы фильм жасауға толық мүмкіндік береді, тіпті туындының жасанды интеллектпен жасалғанын ажырату қиын, – деді Айзат Кусейнов.

Фестивальдің жалпы қоры 2 миллион долларды құрайды. Оның 1 миллион доллары жеңімпаздарға жүлде ретінде табысталады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Жүлде қоры екі негізгі категория бойынша бөлінеді:

* Тақырыптық конкурс («Өмір сүргің келетін болашақ»): Жалпы жүлде қоры – 750 мың доллар. 1-орынға 450 мың доллар, 2-орынға 250 мың доллар, 3-орынға 100 мың доллар беріледі.

* Ашық конкурс: Жалпы жүлде қоры – 250 мың доллар. Бес номинация («Үздік кейіпкер», «Үздік визуалды жұмыс», «Үздік тұжырымдама»,

«Үздік сюжет» және «Үздік режиссура») бойынша жеңімпаздардың әрқайсысы 50 мың доллардан алады.

Ал қалған 1 миллион доллар Баладжи Сринивасан (Coinbase бұрынғы техникалық директоры, Andreessen Horowitz венчурлік қорының бұрынғы бас серіктесі, The Network School негізін қалаушы) тарапынан болашағы зор AI-командаларға инвестиция ретінде бағытталып, Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамытуға жұмсалады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Финалистердің жұмыстарын ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры, Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле бастаған халықаралық сарапшылар құрамы бағалайды. Қазылар алқасының қатарында China Film Group AI зерттеу институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, инвестор Баладжи Сринивасан және BytePlus өкілі Ли Лонг бар.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Елорда тұрғындары мен қонақтары 2 және 3 қазан күндері финалистердің жұмыстарын MEGA Silk Way СОО-дағы Chaplin кинотеатрынан үлкен экран арқылы тамашалай алады. Билеттер Kino.kz сайтында және Freedom SuperApp арқылы қолжетімді.

Ал 3 қазанда жеңімпаздар есімі белгілі болған соң, 4 қазаннан бастап барлық фильмді фестивальдің ресми сайтынан онлайн көруге мүмкіндік туады.

Айта кетейік, бұған дейін жыл соңына дейін қандай фильмдер прокатқа шығатынын жазған едік.