Астанада «Жасөспірім» алдын алу шарасы басталды

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат -  23 ақпаннан бастап Астана қаласының аумағында Ішкі істер департаменті «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасын өткізуді бастады.

Осыған орай, үш күн бойы, яғни 23-25 ақпан аралығында Астана қаласы Ішкі істер департаментінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары рейдтік шараларды жүргізетін болады. Шараның мақсаты кәмелеттік жасқа толмағандарға ішімдіктер, шылым сату фактілерін анықтау, түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз болуына тексерулер жүргізу болып табылады. Бұл туралы ІІД баспасөз қызметінен хабарланды.

Бұдан бөлек, инспекторлар терроризм актісі туралы жалған ақпараттар таратуға қатысты жауапкершіліктің болатынын ескерту мақсатында жасөспірімдер арасында олардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған іс-шараларды да өткізетін болады. ІІД кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім бастығы Зульфия Жақыпованың айтуынша, «Жасөспірім» алдын алу шараларын өткізуге инспекторлармен бірге жергілікті атқарушы органдар өкілдері, прокуратура қызметкерлері, білім беру өкілдері, ата-аналар комитеті мен үікметтік емес ұйымдар да атсылысатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, қалалық Ішкі істер департаменті кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің есебінде бүгінгі күні  505 жасөспірім тұр, сондай-ақ берекеті қашқан 522 отбасы тіркеліп, есепке алынған.