Айта кетейік, бүгін аталған финалдық додаға байланысты ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Аталған шарада мәлім болғанындай, әлем чемпионатының финалына қазақстандық 2 боксшы шықты. Яғни, 54 келіде өнер көрсететін Бекжан Қибатқалиев финалда венгриялық Херцег Норбертпен қолғап түйістіреді. 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ақтық мәреге жолдама алған тағы бір еліміздің былғары қолғап шебері Дидар Төлегеннің қарсыласы өзбекстандық Ойбек Шарипов болмақ. Жалпы бұл турнирге 48 елден 270-тен астам спортшы қатысты. Оның ішінде Аян Қалыбеков (60 келі), Дәуітбек Қайыргелді (63 келі), Асқар Дүйсәлі (75 келі) қол жүлдеге ие болды.
«Өкінішке қарай, біздің екі боксшы ғана ақтық сайысқа жолдама алды», - деді С. Қонақбаев. Оның пайымдауынша, аталған сайыс өз кезегінде Қазақстандағы жасөспірімдер боксын дамыту үшін үлкен әлеует бар екендігін көрсетті. Бұл әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтіп жатқандығына тоқталған ол, «осы сайыстар ұйымдастыру жағынан да өте жоғары деңгейде. Мен бұған дейін көптеген чемпионаттарға қатысқан едім. Енді осы орайда айтарым, еліміз Қазақстан осындай атаулы жарыстарды өткізуге қабілетті екендігімізді мақтан тұтамын», - деді.
Бүгінгі ақтық сайыстағы 13 кездесуге әлемнің 15 елінен қолғап шеберлері қатысады. Оның ішінде Ресейден 5 боксшы, Түркия мен Өзбекстанның әрқайсысынан - 3 спортшыдан, Қазақстан мен Австрия және Англиядан - 2 боксшыдан додаға түсетін болады.
Айта кетейік, 2009 жылы алғаш рет ұйымдастырылған әлем чемпионатына 47 елден 283 былғары қолғап шебері қатысқан болатын. Қазақстан сол чемпионатта 3 күміс, 1 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 9-орынға табан тіреген еді.