Астанада жастар арасында бокстан әлем чемпионаты басталады

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Бүгін, 23 шілдеде елорданың «Қазақстан» спорт сарайында жастар арасында бокстан әлем чемпионаты басталады. Бұл жарысқа қатысуға біздің елімізге әлемнің 50 елінен 500-ден астам спортшы келді.

Бүгін алдын ала сайыстар басталады. Чемпионатта Қазақстан намысын 13 жас боксшы қорғайды. Республиканың жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Сұлтан Костоев. Чемпионаттың финалы 30 шілдеге жоспарланған.

Атап өтер жәйт, отандық бокс тарихында мұндай ауқымдағы турнир Қазақстанда алғаш рет өткізілмек. ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстанның бокс федерациясы мен елорда әкімдігі жарыстардың өте жоғары деңгейде өткізілуіне бар күш-жігерді сарп етуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана бокс турнирін өткізу отандық боксты дамытуға жаңа серпін беріп, жастардың спортпен шұғылдануына қызығушылығын арттыра түседі.