Астанада жастар арасындағы үздік инновациялық жобалар анықталуда

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде жаңа идеялары мен жобалары бар талантты жастар мен жас ғалымдарды анықтауға бағытталған «Болашақ - жастар үшін» жобасы жүзеге асырылуда.

«Болашақ» қауымдастығының баспасөз хатшысы Тимур Базарбаевтың айтуынша, аталмыш жобаның елімізде қолға алына бастағанына 2 айдан асты. Ол барлық аймақтарда жүзеге асырылуда. Ал бүгін жобаның ең соңғы кезеңі Астанада өтуде. «Шараның мақсатына келетін болсақ, жақында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің екінші курс студенті талдықорғандық Руслан Бутин компьютерлік қарақшылықтан қорғайтын бағдарлама ойлап тапты. Оған арнайы сынақ ретінде жүргізілген 5 айда бағдарламаны бірде-бір компьютер маманы бұзып кіре алмады. Осы тектес талантты жастар елімізде жетерлік. Олар кез келген салада бар. Біздің мақсатымыз - осы таланты жастарды анықтап, оларға көмек көрсету. Тек көмек көрсетіп қана қоймай, олардың бойларындағы дарынын әрі қарай дамытып, жетілдіріп, оны мемлекет мүддесіне пайдалану», дейді баспасөз хатшысы.

Оның сөзіне қарағанда, талантты жастардың инновациялық бағыттағы жекелеген жобалары немесе идеялары болатын болса, олар мемлекеттік органдарға жолданады. «Бүгінгі басқосуда да еліміздің аймақтарынан үздік шыққан жастар өздерінің жобаларын қорғайды. Жалпы бұл сынға 700-дей жас қатысып, олардың тек 100-і ғана сынақтан өтті», дейді Т.Базарбаев.