Астанада жастар депуттармен бірге сенбілікке шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 23 сәуірде «Таза қала - бақытты қала» жалпықалалық сенбілігі өтеді. Қала бойынша тұрғындарды тазалық пен тәртіпке шақыратын символдар ілінеді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Сенбілікке дейін бірнеше күн бұрын жинау мен абаттандыруды қажет ететін сауда орындарының витриналарына, ғимараттардың қасбеттеріне және басқа да нысандарға қызыл түсті «смайлдар» жабыстырылады.
Сенбі күні жалпықалалық сенбілікке қатысушылардың киімдеріне, жабдықтарына, мекемелердің атаулары жазылған тақтайшаларға, арнайы техникаға осы символ салынып, #SmileofAstana хештегі жазылады.
Сонымен қатар, жалпықалалық сенбілікке қала тұрғындарын тарту үшін Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде аккаунттар ашылып, ресми кездесулер өткізіледі. Жарияланымдар да #SmileofAstana хештегімен белгіленеді. LED-экрандардан әлеуметтік ролик көрсетіліп, оқушылар мен студенттердің қатысуымен флешмоб ұйымдастырылады.
Жалпықалалық сенбілікке қатысушылар бірнеше топқа бөлінеді. Белсенді жастар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және қалалық мәслихат депутаттарымен бірге қала көшелерін тазалап, ретке келтіреді.