Астанада жастар орталықтарында психологтар, заңгерлер және дәрігерлер тегін көмек көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жастар мен отбасыларға қолдау көрсететін орталықтардың қызметіне мониторинг жүргізілді. Бұл шара ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бастамасымен ұйымдастырылды.
Мониторинг тобына Мәжіліс депутаты Снежана Имашева, Ұлттық комиссия мен қалалық комиссияның өкілдері кірді. Делегация мүшелері №10 қалалық емханадағы «Өзіңді тап» орталығы мен №5 емханадағы «Шуақ» жастар денсаулық орталығының жұмысымен танысты.
Орталықтарда жастарға психологиялық, медициналық және құқықтық кеңес тегін беріледі. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер көбіне ата-анамен қарым-қатынас, өзін-өзі бағаламау, күйзеліс және ҰБТ-ға байланысты қысым мәселелерімен жүгінеді. Сондай-ақ гинеколог пен уролог қызметтері де қолжетімді.
Қазіргі таңда елордада 11 жастар денсаулық орталығы және 1 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. «Шуақ» орталығы 10–29 жас аралығындағы 6650-ден астам жасқа қызмет көрсетеді. Мұнда әлеуметтік қызметкер, заңгер, психолог, дәрігерлер тұрақты түрде қабылдайды.
Мәжіліс депутаты Снежана Имашеваның айтуынша, елімізде 100-ден астам осындай орталық бар. Алайда олардың көбі қалада шоғырланған, ал ауыл жастары үшін қолжетімділігі төмен. Сонымен қатар, орталықтар жұмысы жайлы көп ата-аналар хабарсыз.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығы FSM Social цифрлық жүйесі негізінде қиын жағдайдағы отбасыларды анықтап, кешенді көмек көрсетіп келеді. Жарты жыл ішінде 1500-ден астам өтініш түсіп, 79 отбасы татуластырылған. 49 отбасы әлеуметтік сүйемелдеуге алынған.
Орталықта отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында тренингтер, дәрістер және тікелей эфирлер өткізіледі. Бұл жұмыстарға психологтар, медиаторлар, заңгерлер мен ата-аналар кеңесінің өкілдері тартылған.
Айта кетейік, жастардың еңбек нарығына келуі жылына 360 мың адамға дейін өседі.