Елордада жастарға арналған ең ауқымды «Би территориясы» жобасында Қостанай, Қарағанды, Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен қалаларының 15 би командасы (150 жуық қатысушы) бір ай бойы жарысты. Жартылай финалға Interdans (Қостанай қ.), F3 (Астана қ.), AT Stars (Астана қ.), «Империя» би академиясы EmpireSons (Астана қ.), Body Language Dance Group (Астана қ.), JAM (Павлодар қ.), Рух Дауысы (Астана қ.), «Империя» би академиясы Gyal'sWing (Астана қ.), «EASTSIDE» құрамасы (Қарағанды қ.), EASTSIDE би студиясы (Көкшетау қ.) командалары өтті.
Үздік атанған 5 команда ақтық сында «Елорданың үздік командасы» атағын сарапқа салады. Биыл «Би территориясы» жобасы ерекше форматта өтпек. Оған ди-джейлер, халықаралық дәрежедегі шеберлер, қазақстандық эстрада жұлдыздары, битбоксерлер, жас сән дизайнерлері қатысады. Жобаның ерекшелігі - көше билерінің түрлі жанрлары мен стильдерін, би студияларынан тыс көшелерде, мектептерде, түнгі клубтарда және т.б. дамып жатқан билерді шоғырлау болып табылады.
Аталған жобаның мақсаты - дарынды жастарды анықтау және көтермелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында би мәдениетіне қызығушылықты дамыту, жастар би командаларының арасындағы аймақтық байланыстарды нығайтуға септігін тигізу. Айта кетейік, төрт жылдың ішінде жобаға қатысушылар саны 150-ден 3500 адамға дейін артқан.