Басқарма төрағасының сөзіне қарағанда, Қордың ұзақмерзімді даму стратегиясына сәйкес, «жасыл» технологияларды қолдана отырып, коммерциялық жылжымайтын мүліктің девелопментін жоспарлайды. Бұл бағыттағы тұңғыш ілкі жоба Астана қаласындағы «Жасыл орам» құрылысы болып отыр. «Жасыл орам» - бұл озық технологиялар қолданыла отырып салынған тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттар кешені. Оның сәулеттік тұжырымдамасын әлемдегі жетекші компанияның бірі болып табылатын британиялық «AIDAS» компаниясы жүзеге асырған. Ондағы экологиялық тұрғын үйлер электр қуаты мен суды 20 пайызға дейін үнемдейді және «Жасыл орамның» барлық ғимараттары халықаралық стандартпен сертификатталып, әрбір нысанның өзіндік экологиялық паспорты болады», - деді Б. Палымбетов.
Оның айтуынша, осы жоба арқылы «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» экологиялық құрылыстың жаңа стандарттарына көшуге серпін бермек. Ал мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізіндегі жобаның құны 44 млрд теңгені құрайды, ал тұрғын үй мен әкімшілік кешеннің жалпы аумағы 180 мың шаршы метрден асады.
«Былтыр жердің дайындық жұмыстары жүргізілді, биыл құрылыс басталды. Оны аяқтау «ЭКСПО-2017» көрмесіне дейін, яғни 2017 жылға қаарй жоспарланып отыр», - деді Б. Палымбетов.
Оның сөзіне қарағанда, «жасыл» технология негізінде жүзеге асып жатқан тұрғын үй әлеуметтік санатқа жатпайды, сондықтан да оның бағасы арзан болмайды.