Астанада «жасыл орам» жобасы таныстырылды
Айта кетерлігі, «жасыл» құрылыс - қазіргі заманғы құрылыс әлемінде ең өзекті бағыттардың бірі болып табылады, өйткені оның негізі адам денсаулығы мен қоршаған ортаға қамқорлықтан тұрады. Ал «Жасыл орам» бірегей жобасының ерекшелігі онда энергия үнемдеудің тың технологияларын қолданумен қатар, экологиялық жауапкершілікке де жаңаша көзқарас қамтылған.
«Орамның 20 гектардан астам жалпы аумағында көпқабатты үйлер, коммерциялық кеңсе ғимараттары, әлеуметтік және мәдени нысандар құрылысы жоспарланады, саябақтар мен мұз айдындары, көлшіктер де орналасады. Жобаның ең басты ерекшелігі оның орналасқан жерінің сәтті таңдалуында. Бұл халықаралық «LEED» (Энергетикалық және экологиялық жобалаудағы лидерлік) сертификатына лайықталған Қазақстандағы тұңғыш жоба болмақ», - дейді «BI Group» компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев.
Ал «жасыл» жобаның жетекшісі Ерболат Мұқашевтың айтуынша, «жасыл» кешен аумағында орналасатын табиғи көлшіктер тұрғындар үшін керемет демалыс орнына айналады. «Өйткені, көлшіктердің суы негізінен жоғары сапа стандарттарына жауап беретін жерасты суларынан тұрады. Сондықтан да, оны ұдайы тазартып тұру оған табиғи сұлулық бере түспек», - дейді ол.
Таныстырылым барысында тұрғын үй кешені құрылысына жоспарланған энергия тиімділік саласындағы жаңа технологиялар да көрсетілді. Мәселен, солардың бірі үшқабатты әйнектерден тұратын қуат үнемдегіш Schuco витражды жүйесі, адам жүрісінен электр генерациясын тудыратын едендік төсемдер, перделер, жалюздерді қажет етпейтін «ақылды» терезелер.
Бұдан бөлек, құрылыс салушылардың айтуынша, «жасыл орамда» көгалдарды суландыру жүйесі де жаңа технологиялардан тұрады. Ал коммерциялық ғимараттардағы «шикі сулар» тазарту мен қайта пайдалануға қарастырылады, тіпті автотұрақтарға дейін «ақылды» жүйелер енгізілмек.