Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаз айларында қала мектептерінің жанынан лагерьлер мен бейіндік алаңдар ашылады.
– Мектеп жанындағы лагерьлер жұмысына 75 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы қатысады. Ал 5-10 сынып оқушыларына арналған «Оқитын ұлт: OZYQ ULT», «Болашақ LAB», «GREEN CITY: Балалар таңдауы», «Әділет CAMP», «Smart Bala» және «САЯХАТ & СПОРТ» бағытындағы арнайы бағдарламалар әзірленді, – деді ол.
Сонымен қатар елордадағы 32 мектептің базасында ұлттық дәстүр мен мәдени құндылықтарды дәріптеуге арналған «Атамекен» этнолагерьлері жұмыс істейді.
Маржан Қайырбаева жекеменшік мектептер жанында 35 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланғанын айтты. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 2 681 бала қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі.
– Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне, мазмұнды тынығуына және сауықтыру шараларын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді, – деді ол.
Бұған дейін балалар лагерьлеріне арналған бірыңғай талаптар енгізілгені хабарлаған еді.