Оның астында орнатылған тоңазытқыш құралдарының көмегімен мұзды сәуір айына дейін ұстап тұруға мүмкіндік бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұз айдыны тура "Нұр Әлем" павильоны жанында орналасқан. Су бұрқақтар қоршалып, астына тоңазытқыш түтіктері жүргізілді. Сөйтіп, үстіне мұз құйылды. Ауданы - 4 мың шаршы метр. Оған бір уақытта 700 адам кіріп, коньки тебе алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұз айдынының пішіні жебеге, нақты айтсақ, жебенің ұшына ұқсайды. Қақ ортасында EXPO-ның логотипі бейнеленген.
"Мұз айдынының астында орналасқан тоңазытқыш құралдарының көмегімен мұзды 10 градусқа дейін ұстап тұруға мүмкіндік бар. Осының арқасында біз сырғанау маусымын келесі жылдың сәуір айына дейін ұзарта аламыз. Ал мұздың сапасын сақтау үшін арнайы машиналар қолданылады", - дейді жобаға жауапты компанияның өкілі Ерлан Үмбетов.
"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, аталған жобаға бюджет ақшасы жұмсалған жоқ. Бұл - компанияның өз қаражаты. Мұз айдынына 300 млн теңге жұмсалды. Оған кіру де арзан емес. Конькиді 1000 теңгеге жалға алғаннан кейін мұз айдынына кіру үшін тағы 1000 теңге төлеу керек. Дегенмен, зейнеткерлер мен оқушылар үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ал 6 жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады. Бірақ кішкентай балалар ұстап жүретін пингвин сияқты қосымша аксессуарларды алғаны үшін ақша шығаруға тура келеді.
Айта кеткен жөн, мұз айдынының ашылуына байланысты ертеңге дейін барлық келушілер үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.