Астанада жедел мақсаттағы топқа арналған әскери қалашықтың құрылысы үш-төрт жылда аяқталады
18:44, 28 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Астанада жедел мақсаттағы топқа арналған әскери қалашықтың құрылысы үш-төрт жылда аяқталады.
Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Ішкі әскерінің қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада жедел мақсаттағы бригада құру шешімі қабылданған болатын. «Астана өте үлкен қарқынмен дамып келеді. Мұнда саяси және қоғамдық шаралар жиі өтеді. Бүгінде елорданың қоғамдық қауіпсіздігін қадағалайтын жедел мақсаттағы бір ғана полк жұмыс жасайды», дейді Р.Жақсылықов.«Қалашықтың салынуына қаржы бөлінді. Техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалық құжаттар толық жасалды. Ағымдағы жылы ақпан айында әскери қалашықтың құрылысын жүргізуге ашық конкурс өткізіледі. Қалашықта офицерлер мен келісімшарт негізінде қызмет жасайтын сержанттарға арналған 100 пәтерлі үй салу жоспарланып қойылған», дейді ол.