Ресми деректерге қарағанда, жедел көмектер көрсету жағдайы бүгінгі заманның ең өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр және өлім-жітімнің орын алуына қатысты басты себептер де жедел жәрдемнің көрсетілуіне тікелей байланысты болатын көрінеді. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, өліммен аяқталатын жағдайлардың ішінде шұғыл патологиядағы жан тәсілімдер 1-ші орында тұр екен. Сонымен қатар, 40 жасқа дейінгі азаматтардың басым бөлігі де осы жедел жәрдемнің жетіспеушілігі себебінен қаза болатыны айтылады.
«Бұндай халықаралық конференция Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оны ұйымдастырудағы басты мақсат - осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибелі мамандармен пікір алмасу. Сондықтан да, шетелдік мамандарды кеңінен тартуға тырыстық. Жалпы, жиын барысында аталмыш салада қызмет ететін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға назар аударылып, оның ішінде инновациялық технологияларды қолдану саласында білімді жетілдіруге айрықша мән беріледі. Бұдан бөлек, жедел медициналық жәрдемнің нормативтік-әдістемелік базасын құру, ұйымдарды заманауи жабдықтармен жарақтандыру шараларын талқылайтын боламыз», - деді «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ Бас директоры Нұрлан Қасымов.
Сондай-ақ, шара барысында «Жедел жәрдем» ғылыми-ақпараттық жұрналын шығару туралы әңгіме болып, сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге қатысты талқылаулар өтті.